KazSat-3 штаттық режимде жұмыс істеп тұр - РҒБО
20:50, 27 Желтоқсан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 27 желтоқсанда KazSat-3 спутнигі жұмыс істемей қалды немесе байланыстан ажырап қалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» тілшісіне «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» (РҒБО) АҚ директоры Виктор Лефтер.
Бүгін қазақстандық 15 арнаның бір сағат бойы жұмыс істемей қалуын елдегі ақпараттық порталдардың бірі KazSat-3 спутнигімен байланыстырған. Аталмыш орталықтың директорына осы ақпаратқа байланысты нақты мәлімдеме жасауына тура келген.
«Спутник штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Оған шағымданудың ешқандай реті жоқ. Ешқандай оператордан әзірге шағым түскен жоқ», - деді Виктор Лефтер.
KazSat-3 спутнигі Байқоңырдан 2014 жылдың 28 сәуірінде ұшырылған болатын. Спутник ҚР аумағынан басқа Ресейдің орталығымен Орталық Азия елдеріне сигнал таратады.