KazSat-3R спутнигі KazSat-3-тің орнын қашан басады — Мәдиев мерзімін атады

АСТАНА. KAZINFORM — KazSat-2 спутнигіндегі жүктемені KazSat-3-ке көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Фото: Sara Kabikyzy/Kazinform

— Бүгінде өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда OneWeb және Starlink компанияларының жерүсті станциялары жұмыс істеп тұр. Ал Shanghai SpaceSail және Amazon Leo жобалары бойынша құрылыс жұмыстары басталып, жалғасып жатыр. Белгілі бір сынақтар да өткізілді. Келесі жылы бұл операторлар жаңа спутниктерін ұшырғаннан кейін Қазақстан аумағында және басқа елдерде де қызмет көрсете бастайды деп үміттенеміз. Біз бәсекелестікті қолдаймыз. Мұндай операторлардың нарыққа шығуы қызмет бағасына ықпал етіп, сапаны арттыруға ынталандыруы тиіс. Өйткені нарықта еркін бәсекелестік қалыптасады, — деді ол тілшілер сауалына орай.

Сонымен қатар вице-премьер отандық спутниктерге тоқталды.

— Еліміздің KazSat-2 және KazSat-3 спутниктері бар. Олар ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту, мемлекеттік органдардың қажеттіліктері мен телеарналардың хабар таратуы үшін пайдаланылып келеді. Қазір KazSat-2 спутнигіндегі жүктемені KazSat-3-ке көшіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Себебі қызмет ету мерзімі аяқталуға жақын қалған KazSat-2 спутнигін жыл соңына дейін орбитадан шығаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 2029 жылы KazSat-3 спутнигінің орнын басатын KazSat-3R атты жаңа жобаны іске асыруға кірісіп жатырмыз. Сондықтан спутниктерді пайдалану мақсатына қарай қазақстандық спутниктер де, осы қызметті ұсынатын шетелдік провайдерлердің мүмкіндіктері де қолданылады, — деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, еліміз интернеті жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет тарифінің қолжетімділігі жағынан 7-орында тұр.