Қазселденқорғау: Алматы облысының тауларында жыныстардың ығысу мүмкіндігі сақталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Алматы облысының тауларын аэровиузалдық зерттеу нәтижелерін жариялады, мамандар биіктаулы көлдер мен мұздықтардың жай-күйін зерттеп, жыныстардың ығысу қаупін бағалады.

«Барлық тау көлдері қысқы режимде. Олардағы қардың еруі белгілері байқалады. Жоғары таулы аймақтардағы өзендер алабында судың ағуы норма шегінде. Ығысу үдерістері жыныстардың өте дымқылдануы салдарынан қалыптасты. Биік тауларда қар көшкіні жүруі байқалады. Жыныстардың ығысуы мүмкіндігі сақтаулда. Әсіресе, Қасқелең, Үлкен және Кіші Алматы, Есік өзендерінің алаптарында және тауларды кесіп, автожол және үйлер салынған беткейлерде (Қаскелең-Үлкен Алматы өзендері аңғарында) болуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Қазселденқорғау мәліметтері бойынша, жауын-шашын күшейсе, Ақжар, (Ақсай), Қызылжар, (Ақсай), Құмбел (Үлкен Алматы) өзендерінде шағын сел жүруі мүмкін.