«Қазселденқорғаудың» бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен Кәрім Көкірекбаев, оның орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер Андрей Поплавскийге қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Сот анықтағандай, Кәрім Көкірекбаев пен Әділет Ахатаев лауазымды тұлғалар бола отырып, ТОО директоры Андрей Поплавскиймен сөз байласып, орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою үшін одан аса ірі мөлшерде пара алған.

Сондай-ақ, Андрей Поплавский шын мәнінде орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының актілеріне қол қоюды ұйымдастырған. Осы әрекеттердің салдарынан мемлекеттік мекемеге 1 987 827 622,63 теңге көлемінде залал келтірілген.

Алқабилердің үкімімен Кәрім Көкірекбаев мен Әділет Ахатаев Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі бойынша, ал Андрей Поплавский — 195-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы және 367-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

— Сот үкімімен Кәрім Көкірекбаевқа 12 жылға, Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавскийға 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды, — деп хабарлады Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, былтыр «Қазселденқорғаудың» бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаев сот залында қамауға алынған болатын

Оған дейін пара алды деп айыпталған ол ақталған еді