Осыдан тура 1 жыл бұрын, өткен жылдың шілде айында Елбасы арнайы спорт телеарнасын ашу жөнінде тапсырма бергенін атап өткен ол: «Содан бері бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылды. Қазмедиадан орын бөлінді. Қажетті құрал-жабдықтар алынды. Халықаралық тәжірибе терең зерттелді. Оның ішінде Еуроспорт, Скайспорт, НТВ , тағы басқа телеарналардың жұмысы қарастырылды. Атауы, контенті бекітілді. Телеарнаның аты «Қазспорт» деп бекітіліп отыр. Жылдық жоспар жасалды», - деді.
Министрдің айтуынша, атқарылған жұмыс түгелдей Президент Әкімшілігімен және Мемлекеттік хатшымен келісілген. Қазспорт телеарнасын ашуға дайындық барысы Елбасына баяндалған. Қазспорт "Отау тв" телетарату жүйесімен, кабелді операторлармен және интернет арқылы да таратылатын болады.
«Шамамен республиканың 65 пайыз аудиториясын қамтиды деп күтіп отырмыз. Арна екі тілде жұмыс істейтін болады. Мазмұн жағына келетін болсақ, Қазақстанда өтетін спорт жарыстарының барлығынан тікелей трансляция ұйымдастырылатын болады. Шетелдерде өтетін спорт жарыстарынан тікелей хабарлар жүргізіледі. Күнделікті жаңалықтар бірнеше рет шығып отырады. Спорт туралы деректі фильмдер де көрсетілмек. Болашақта қысқаметражды көркем фильмдерді де түсіру жоспарланып отыр», - деді М.Құл-Мұхаммед.
Оның атап өтуінше, телеарна күн сайын таңертеңгі сағат 10-нан түнгі 12-ге дейін 14 сағат мөлшерінде хабар тарататын болады. Мақсат - спортты және салауатты өмірді насихаттау, бұқаралық спортты қолдау, еліміздің спорт жетістіктерін насихаттау, халықтың спорт саласындағы білімін көтеру, көрермендерге дер кезінде нақты ақпараттар беру.
«Бір сөзбен айтқанда, арнаны ашуға дайындық жұмысы түгелдей бар және оны біз алдағы уақытта, дәлірек айтар болсақ, 1 шілде күні ашуға дайынбыз», - деді министр.