«Kazsport» телеарнасы кастинг жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kazsport» телеарнасы спорттық шаралардың комментаторларын жұмысқа қабылдайды. Кастингке спорт түрлерінен жақсы хабардар және оларды халыққа еркін жеткізе алатын 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кастингтің мақсаты - спорттың бір немесе бірнеше түрін жетік меңгерген комментаторлар қатарын жаңа есімдермен толықтыру. «Телеарнаға велоспорт, бокс, баскетбол, волейбол, хоккей, ережесіз жекпе-жек (ММА), күрес және ұлттық спорт жарыстарын телеэфирде  мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізе алатын қыз-жігіттер қажет.  Мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика және жүзуден өтетін шараларды жүргізуге қыз-келіншектер арасынан комментаторлар іріктеледі. Сонымен қатар, телеарнаға  жан-жақты, яғни бірнеше спорт түрінің қыр-сырын меңгерген комментарлар керек», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігің, кастинг барысында әр үміткерге өзін 5 спорт түрінен байқап көруге мүмкіндік беріледі. Олар футболдағы Қазақстан чемпионатынан, баскетболдағы «Астана» БК ВТБ Лигасынан, бокстағы Г. Головкин, Қ. Ислам, Д. Елеусіновтердің кездесулерінен, волейболдағы Казақстан чемпионатынан, велоспорттағы Тур де Франстан, аралас жекпе-жектегі (ММА), хоккейдегі «Барыс» ҚХЛ, мәнерлеп сырғанаудағы Д. Тен мен  Э. Тұрсынбаеваның өнерінен, көркем гимнастикадағы С. Әшірбаеваның шеберлігінен, ұлттық спорт түрлеріндегі - көкпар, аударыспақ, қазақша күрес бойынша тапсырмалар орындайды.   

«Kazsport» телеарнасының комментаторы» атану үшін үміткер шеберлігін байқататын 3 минуттан аспайтын аудиожазба дайындап, комментарий жасау барысында қандай ақпарат құралын пайдаланғанын  көрсетіп және өзі туралы қысқаша мәліметті тіркеп,  kazsport.kz@mail.ru жіберуі шарт. Өтінімдер 2016 жылдың  17 қарашасына дейін қабылданады. Алғашқы іріктеуден өткен үміткерлерге кастингке шақырту жолданады. Кастинг 2016 жылдың 19-20  қараша күндері «Қазақстан» РТРК АҚ «Kazsport»  телеарнасының ғимаратында өтеді.