«Kazsport» телеарнасының 2 жылдығына орай БАҚ өкілдері арасында үстел теннисі бойынша турнир өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 шілде күні сағат 11.00-де «Қазмедиа орталығы» ғимаратында «Kazsport» телеарнасының 2 жылдығына орай БАҚ қызметкерлері арасында үстел теннисі бойынша турнир өткізіледі. Топтық және жеке есептегі турнир жеңімпаздары грамоталармен, Кубоктармен және статуэткалармен марапатталады, деп хабарлады «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен.

«Осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2013 жылдың 1 шілдесінде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының базасында тәулігіне 21 сағат хабар тарату көлемімен бірінші мемлекеттік «Kazsport» спорттық телеарнасы іске қосылды. Мамандырылған арна Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ашылған болатын. «Kazsport» бұл - «Eurosport», «Спорт 1», «Спорт » және басқа да еуропалық және әлемдік спорттық телеарналардың деңгейінде хабар тарататын Орталық Азия аумағындағы жалғыз спорттық телеарна», делінген хабарламада. Еске сала кетейік, екі жылдың ішінде «Kazsport» телекөрермендері 3000 мыңнан астам әр түрлі спорт түрлері бойынша трансляциялардың куәсі болды. 30-дан астам спорт түрлері, атап айтқанда, Ұлттық спорт түрлері бойынша чемпионаттар мен Қазақстан Республикасының Кубоктары қамтылды. Телеарнаның түсірілім тобы көбіне трансляциялар жүргізілген шетелдік жарыстарда жұмыс істеді.