ҚАЗСТАТ жобасы 2016 жылы толықтай енгiзiлiп бiтедi

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлiгi Статистика комитетi ҚАЗСТАТ жобасын енгiзудi 2016 жылы аяқтамақ. Бұл туралы бүгiн баспасөз мәслихатында комитет басшысы Әлихан Смаилов мәлiм еттi.

Жоба Қазақстанның статистикалық жүйесiн халықаралық тәжiрибеге сай жетiлдiруге бағытталған.

"Жоба аяқталғанға дейiн тағы 70 жетiлдiрiлген әдiстеме енгiзiледi деп жоспарлануда. Нәтижесiнде, есеп көлемi 15 пайызға жеңiлдейдi және мәлiмет алушылардың қанағат деңгейi 80 пайыздан кем болмауы тиiс", - деп атап өттi комитет төрағасы.

Жобаның серiктестерi ретiнде алты шетел елiнiң консорциумы: Германия, Финляндия, Чехия, Словакия, Оңтүстiк Корея, Ресей қатысуда. Оның қаржыландырылуы 23 млн. доллар шамасында.

Айта кетейiк, ҚАЗСТАТ елiмiзде 2012 жылдан берi енгiзiлуде.

"Осы жылдар аралығында жүзеге асырылған барлық инновациялық шешiмдердiң арқасында бiз елдегi статистика жүйесiнiң халыққа қолжетiмдiлiгiн бiрнеше есе арттыра алдық. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, Web-сайтымызға 2 млн. адам кiрген. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2,4 есе, 2009 жылға қарағанда 17 есе көп. Бұл - мемлекеттiк статистиканың қолжетiмдi әрi ашық бола түскенiн көрсетедi. Биыл 3 млн. адам сайт мәлiметтерiн тұтынады деп күтудемiз", - дедi Ә. Смаилов.

Екi жыл iшiнде 22 әдiстеме жетiлдiрiлген. Жалпы статистикалық құралдар БҰҰ және Еуростаттың стандарттарына сай жаңартылуда.