«Қазсушар» филиалдары 524 жаңа арнайы техникамен толықты

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміз бойынша «Қазсушар» РМК филиалдарын жаңа арнайы техникалармен қамту жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бүгінге дейін кәсіпорын филиалдары 524 автокөлік пен құрал-жабдық алды. Жаңа техникалар суару каналдарын механикалық тазалауға және гидротехникалық құрылыстарды жөндеуге пайдаланыла бастады. 

Жалпы алғанда «Қазсушар» филиалдарына барлығы 757 автокөлік мен құрал-жабдық беру жоспарланып отыр. Министрлік ұсынған техникалар қатарында экскаваторлар, тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, самосвалдар, тартқыш көліктер, автокрандар, жанармай тасымалдағыштар, қосалқы құрал-жабдықтар мен дизельді генераторлар бар.

— Жаңа техникалар вегетация кезеңінің тұрақты өтуіне жағдай жасау үшін, соның ішінде каналдардың өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында оларды тазалау жұмыстарына қолданылып жатыр. Қазіргі уақытта «Қазсушар» филиалдары жалпы ұзындығы 2 011 шақырым болатын суару каналдарында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр, оның 780 шақырымында жұмыстар аяқталды,— деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Еске сала кетейік, бұған дейін су саласы мамандары суармалы суды әділ бөлу үшін түнгі кезекшілікке шыға бастағанын жазған едік.