«Қазсушар» РМК-ның бас директоры тағайындалды

АСТАНА.KAZINFORM - Әнуар Өскенбаев «Қазсушар» РМК-ның бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Әнуар Әуезұлы 1976 жылы дүниеге келген.

1998 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2003 жылы Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетін аяқтаған.

Еңбек жолын 2000 жылы «Қазфосфат – НДФ» ЖШС-нің Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бөлімінде слесарь-жөндеуші, кейін инженер қызметінен бастаған. Кейін Астана қаласындағы «Жолаушылар тасымалы» ЕМК-де өндірістік-техникалық бөлімнің инженері болып жұмыс істеген.

2005-2007 жылдары Қазақстан Индустрия және сауда министрлігінің Бәсекелестікті қорғау комитетінде алдымен бас маман, кейін талап-арыз жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.

2007-2013 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде еңбек етіп, бас сарапшыдан заң бөлімінің меңгерушісіне дейінгі қызметтік жолдан өтті. Әр жылдары Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Алматы қаласының Тұрғын үй басқармасының басшысы, сондай-ақ Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі қызметтерін атқарған.

2021-2025 жылдары «Қазақстан экономикалық бастамалар қоры» корпоративтік қорының директоры болды.

2025 жылғы ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін «Қазсушар» РМК бас директорының активтерді басқару жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ал былтыр қазан айынан бері «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін уақытша атқарып келді.

Айта кетейік, биыл «Қазсушардың» техника паркі алты жаңа кемемен толығады.