ҚазТАГ ХАА қызметтері техникалық ерекшелігіне сай емес, ал есептеме жалған мәліметтерге құрылған - куәгер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік-ақпараттық саясат бойынша ҚазТАГ ХАА ЖШС көрсеткен қызметтер техникалық ерекшелікке және бекітілген шартқа сай болмаған, ал есептемеде жалған мәліметтер қамтылған.

Бұл туралы Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісіне қатысты сот процесі барысында Ақпарат, ақпараттандыру және байланыс комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Еркеғали Корбозов мәлімдеді.

Куәгер Комитет жетекшілігінің ҚазТАГ ХАА  есептеріне «көз жұма» қарауға тапсырма бергенін, қызмет көрсетуде агенттік сипаттамалар саны талабын сақтамағанын, кейбір ақпараттық материалдарды ҚазТАГ ХАА ЖШС ортақ пайдалану режімінен тыс жариялағанын айтты.

Е.Корбозовтың сөзіне қарағанда, ҚазТАГ ХАА ЖШС көрсеткен қызметтер техникалық ерекшелікке және бекітілген шартқа сай болмаған, ал есептемелер жалған мәліметтерге құрылған. «ҚазТАГ-қа көрсеткен қызметтері үшін қаражат негізсіз төленген, ал мемлекеттік-ақпараттық саясат нәтижелеріне қол жеткізілмеді», - деді ол.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2010-2015 жылдары Сейітқазы Матаев өз ұлы - ҚазТАГ ХАА ЖШС бас директоры Әсет Матаевпен бірге алдын ала сөз байласқан топпен мемлекеттік сатып алулар саласында алдау және сенімге кіру жолымен аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырған. Жымқырылған қаражат көлемі 169 миллион теңгені құраған. 

Тағы бір куәгер - Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің бұрынғы төрағасы Талғат Қазанғап сотта комитет басшылығының тек қана ҚазТАГ ХАА-мен келісімшарт жасалуына жағдай жасағанын мәлімдеді.
Талғат Қазанғаптың айтуынша, Сейітқазы Матаев үшін 2014 жылға лоттарды бөлу тек формалды сипатта ғана болды.
«Жарияланған байқауға өзге жеткізушілерді қатыстырмау үшін №2 лоттың техникалық ерекшелігіне материалдарды Орталық Азия елдеріндегі КирТАГ, АфТАГ, УзТАГ және ТаджикТАГ интернет ресурстарына жариялау секілді қосымша талаптар енгізілді, себебі бұл қызметті тек «ҚазТАГ ХАА» ЖШС іске асыра алады», - деді Талғат Қазанғап.
Оның айтуынша, алдын ала жоспарланғандай, электронды конкурс өткізу барысында №2 лотқа тек қана «ҚазТАГ ХАА» ЖШС жетекшісі Әсет Матаев өтінім берген.
«Актілер мен есептемелерді қабылдап, қол қойдым. Бірақ, С.Матаевтың беделіне сенім артып, атқару көлемі, есептердің дұрыстығы және техникалық ерекшелік пен шарт талаптарына сәйкестігін тексерген жоқпын», - деп ұғындырды куәгер.
Талғат Қазанғаптың нұсқауымен аталған актілерге оның қол астындағы қызметкерлер де қол қойған.
2015 жылы сатып алулар мен жұмыстар баяғы сценариймен жүзеге асқан. Жымқырылған ақшаның жалпы көлемі 169 миллион теңгені құраған.