Қазталов ауданында қар тазарту жұмыстары жалғасуда - БҚО

None
ОРАЛ. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Қазталов ауданында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен болған кезде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кеңес өткізіп, бұл мәселеге байланысты облыстық басқармалар мен ауданға да міндеттер мен тапсырмалар жүктеген болатын.

25-27 ақпан күндері аудан аумағында боран соғып, арты қарлы жаңбырға айналды. Нәтижесінде округ орталықтары мен елді мекендерге салынған жолдар қайтадан бітеліп қалды.

Аудан әкімдігі, оның жанынан құрылған төтенше жағдайлар жөніндегі штабтың ұйымдастыруымен  қаћарлы қысқа қарсы жүргізіліп жатқан  жұмыстар одан әрі жалғасын табуда.

Он алты округке қайтадан жол салу жұмыстары жалғасса, ауыл ішіне жиналған қарларды тазалау да жүргізілуде. Әсіресе, көктемгі қар еріген кезде бітеліп қалған  су жүретін жолдары тазатылуда. Бұл жұмыстарға кәсіпкерлер Жұмабек Хайруллиннің, Махамбет Бермағамбетовтің, Ринат Ғұбайдуллиннің техникалары тартылса, аудандық газ шаруашылығы мен коммуналдық кәсіпорынның техникалары да қарқынды жұмыс атқаруда.

Сонымен қатар Қазталов ауылында әлеуметтік жұмыс орнына тартылған 18 адам тек қар тазалау жұмыстарымен айналысса, әрбір тұрғын өз аулаларындағы қарды тазартуға жұмылдырылуда. Сондай-ақ әкімшіліктен бөлінген мамандар әрбір тұрғынға қар суынан келетін зардаптың алдын алуға, оған қарсы әрекет етуге түсінік жұмыстарын жүргізуде.

Аудандық штаб Сарыөзен бойына орналасқан 10 ауылдық және Қараөзен бойындағы ауылдардың да «қауіпті нүктелеріне» қажетті құрал-жабдықтардың әзірлік барысын мұқияттауда.

Барлық жерде де тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, аудандық штабпен үнемі байланыста.