«Қазтелерадио» АҚ «Астана қаласындағы радиохабар тарату желісін жаңарту» жобасын қорытындылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының телерадиохабар тарату саласының ұлттық операторы «Қазтелерадио» «Астана қаласындағы радиохабар тарату желісін жаңарту (модернизациялау)» жобасын қорытындылады. Шараға хабарлары «Астана» радиотелевизиялық стансасынан таратылатын телерадиокомпаниялар мен БАҚ өкілдері.

Жоба «Ақпараттық Қазақстан-2020» стратегиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

«Қазтелерадио» АҚ техникалық бас директоры Базарбек Қартжановтың сөзіне қарағанда, аталған жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде, елорда тұрғындары бүгінгі күні жұмыс жасап жатқан радиохабарларды жаңа сапада тыңдап қана қоймай, жаңадан трансляцияланатын радиобағдарламаларды тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Телерадиохабар тарату саласындағы заманауи қондырғыларды пайдалану бас қаламыздағы радиосигнал толқыны сенімсіз «көлеңке аймақтарды» жоюға мүмкіндік берді. Егер бұл жұмыстарға дейін мемлекеттік «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиобағдарламалары Астана қаласына іргелес жатқан 33 елді мекенге таралса, бүгінде олардың саны 54-ке жетті. «Астана» радиотелевизиялық стансасынан сапалы радиохабарды тарату үшін «Қазтелерадио» АҚ қызметкерлері қабылдау-тарату қондырғыларын жаңа техникалық талаптарға сәйкестендіріп, сандық телерадиохабар таратуды бақылау мен мониторингтеу жүйесімен байланыстырды. Бұл пайдаланып отырған қондырғыларды колдану мен жөндеу жұмыстарын жеңілдетіп қана қоймай, радиохабар тарату жұмысының сапасын арттырады. Бүгінгі таңда «Астана» РТС-нан заманауи қондырғыларды пайдалана отырып, 12 отандық радиоарна трансляцияланады. Олардың қатарында танымал «Қазақ радиосы», «Шалкар», «Классик FM», «Астана FM», «Тенгри FM», «Радио NS», «Love Radio», «ORDA FM», «Русское Радио», «Ретро FM», «Авторадио Қазақстан» және «Жұлдыз» радиолары бар.