«Қазтелерадио»АҚ-ы сандық ұялы телехабар таратушы DVB-H және сандық эфирлік DVB-T жүйесін жасап шығарды

АЛМАТЫ. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алдағы уақытта Қазақстанда сандық ұялы байланыс арқылы телехабар тарату жолға қойылуы мүмкін. Бұл туралы  бүгін Алматыда «Қазтелерадио» АҚ-ы өкілдері мәлімдеді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазтелерадио» өкілдерінің айтуынша, олар қазіргі таңда ұялы телехабар таратушы DVB-H  және сандық эфирлік DVB-T жүйесін жасап шығарған. Бүгін аталған жүйені таныстырған компания өкілдері бұл екі жүйенің Қазақстанда тұңғыш рет жасалып отырғанын айтты. Ұялы телехабар таратушы DVB-H  жүйесі қазіргі таңдағы ең ерекше жобаның бірі. Өйткені бұл жүйе іске қосылса тұрғындар қала аумағында ұялы телефон арқылы сандық жүйеде телебағдарламаларды 320 х 288 пикселдік көрсетіліммен көре алады.

 «Әзірге бұл пилоттық жоба. Қазіргі таңда сынақтан өтуде. Алдағы уақытта толық пайдалануға енгізу үшін ұялы байланыс операторларымен келісу арқылы арнайы кодтарды енгізу керек. Қазіргі кезде олар 3G жүйесін енгіземіз деп қызығушылық білдіріп отырған жоқ. Сондай-ақ ұялы байланыс телефондарын өндірушілермен келісіп, ұялы телефондарға сандық хабар таратуға мүмкіндік беретін модемдерді қою қажет. Қазіргі кезде бұндай ұялы телефондар бар. Алайда олардың бағасы қымбаттау. Бұнымен қатар DVB-H стандартын  лицензиялау, таратылым жүйесінің стандартын лицензиялау шешілген жоқ. Егер бұл мәселелер шешімін тауып, ұялы байланыс операторлары қызығушылық білдірсе, «Қазтелерадио» мобильді хабар тарату жиілігін ұсынуға дайын» дейді «Қазтелерадио»АҚ-ның бас техникалық директоры  Валерий Платонов.