Аталған стансаның құрылысы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының жылдық өткізу қабілетін жылына 15 млрд текше метрге дейін арттыру жөніндегі инвестициялық жобаның аясында іске асырылды. Жаңа стансаның іске қосылуы газ және газбен жабдықтау саласындағы жыл сайын өсіп отырған қажеттіліктерді өтеу үшін, әсіресе жылыту кезеңінде ең көп жүктеме түсетін уақытта еліміздің оңтүстік өңірлеріне газды тоқтаусыз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Түркістан» компрессорлық станcасының құрылысы 7 айдың ішінде аяқталды. Бұл стансаның салынуы облыстың экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын болады. Мәселен, құбырдың газ өткізу мүмкіндігі 5 млрд текше метр көлемге артып отыр. Сондай-ақ, стансада қазіргі таңда 50 шақты азамат жұмыспен қамтылды. Осындай жоғары деңгейдегі сапалы құрылысты іске қосқан «ҚазТрансГаз» компаниясы басшылығына алғыс білдіремін. Бұл облыс үшін елеулі оқиға», - деді Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, биылғы жылдың қазан айында отандық газды Қытайға экспорттауды екі есеге арттыру туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Сондықтан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өткізу қабілетін жылына 10 млрд текше метрден жылына 15 млрд текше метрге дейін арттырады. Осы арқылы республиканың оңтүстігінің 5 млрд текше метр көлеміндегі көгілдір отынға деген қажеттілігі қамтамасыз етіледі. 10 миллиард текше метр газ экспортқа бағытталады.
Компрессорлық стансаларды салу кезінде пайдаланылған инновациялық жабдықтар мен көмекші жүйелер кешені - магистральдық газ құбырын пайдалану кезеңінде қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан іркіліссіз тасымалдауды қамтамасыз етпек.