Бұған дейін өңірді газбен жабдықтау ісімен, бірнеше коммуналдық қызметтерді қоса атқаратын 7 мемлекеттік кәсіпорын айналысып келген болатын. Қызметі көпсалалы бұл мекемелер тұрғындар мен заңды тұлғаларға газ жеткізуді ғана жүзеге асырып, қаржы және жұмыс күші жетіспеуі себепті, газ жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Басқаруға берілген газ құбырлары мен қосалқы жабдықтарды түгендеу және техникалық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жүйелердің 20%-дан астамы 25 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз пайдаланылып келеді және жөндеу, жаңарту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр.
Осылайша, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалы өңірдегі газ тарату желілерінің жағдайын есепке ала отырып, 2011 жылдың соңына дейін 400 миллион теңге көлемінде күрделі құрылыс қаражатын жұмсауды көздеп отыр. Бұл қаражат есебінен өңірдің газ шаруашылығының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету, жаңарту жұмыстары атқарылмақ. Кең көлемді жаңарту жұмыстары облыстың газ құбырларындағы техникалық шығындарды азайтып, тасымалдау, тарату жүйесін оңтайландыруға және маусымдық отын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.
Қазіргі кездегі ҚТГА алдында тұрған бірінші кезектегі міндет, алдағы жылыту маусымына дайындық, газбен жабдықтаудың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету болып отыр.
Сонымен қатар, мамандардың біліктілігін арттыру мақсатымен биылғы жылдың мамыр - тамыз айлары аралығында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалының өндірістік қызметкерлері газ желілері мен ондағы жабдықтарда жұмыс істеудің халықаралық стандартына оқытып үйрететін арнайы курстардан өткізілді.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өңірді газбен жабдықтайтын бірыңғай оператор ретіндегі қызметтері ҚР 2015 жылға дейін газ саласын дамыту Тұжырымдамасының, 2015 жылға дейін Маңғыстау облысының газ саласын дамыту Тұжырымдамасының негізгі бағыттары мен міндеттеріне сәйкес келеді.