«ҚазТрансГаз» компаниясы биыл да Бұқара- Алматы газ құбырының қырғызстандық бөлігін жөндеуге қаржы салады

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «ҚазТрансГаз» АҚ Алматыны газбен қамтамасыз етуде проблема туындамасы үшін биыл да «Бұқара-Ташкент-Бішкек-Алматы» магистральді газ құбырының қырғызстандық бөлігіндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыратын болады.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Серік Сұлтанғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, «ҚазТрансГаз» компаниясының қызметкерлері осыдан үш-төрт жыл бұрын аталмыш газ құбырының қырғызстандық бөлігін аралап көргендерінде, газ магистралі құбырының іс жүзінде шіріп біткенін көрген. Ал Алматы қаласын газбен қамтамасыз ету осы құбырға тәуелді. Бұл ретте Алматыны газсыз қалдырмау үшін «ҚазТрансГаз» «Бұқара-Ташкент-Бішкек-Алматы» магистральді газ құбырының ұзындығы 100 шақырымнан астам қырғызстандық бөлігін жөндеу жұмыстарына 3 млн. долларға жуық қаржы салған. Сөйтіп ең қауіпті деген жерлерін жамаған. «Біз жуырда ғана аталмыш газ құбырының қырғызстандық бөлігін жөндеу жұмыстарына тағы да қаржы салу жөнінде шешім қабылдадық, себебі біз әлі қытайлық газ құбырына қосылған жоқпыз», деді С. Сұлтанғалиев. «Қазір Қырғызстанда не болып жатқанын білесіздер. Ол елдегі жағдай тұрақталмайынша біз әрине тәуекелге бармайтын боламыз. Алайда, менің ойымша жаз мезгілінде біз бұл жұмысты қолға алатын шағармыз», деді ол.

С. Сұлтанғалиев Алматы қаласын газбен қамтамасыз ету мәселесі таяу арада Түрікменстан мен Қытайды байланыстыратын Орталық Азиялық газ құбырының есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті. «Орталық Азиялық газ құбыры іске қосылды. Алматыны газбен қамтамасыз ету үшін ешқандай да проблема болмасы үшін біз қазір аталмыш газ құбырына қосылу нүктесін жобалап жатырмыз», деді ол.