«ҚазТрансОйл» АҚ мұнай тасымалдау көлемін 3 пайызға арттырды

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай тасымалдау көлемін 3 пайызға арттырды.

Бұл туралы аталмыш компанияның 2010 жылғы 10 айдың өндірістік қызметінің қорытындыларына арналған ақпаратында айтылған.

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның магистралды мұнай құбырлары жүйесімен 2010 жылғы қаңтар - қазанда мұнай тасымалдау көлемі іс жүзіндегі деректер бойынша 43 млн. 436 мың тонна болды. 2009 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мұнай тасымалдау көлемі 1 млн. 379 мың тонна немесе 3 пайызға артты», - делінген баспасөз хабарламасында.

«ҚазТрансОйл» АҚ ММ жүйесі бойынша жүк айналымы 2010 жылғы он айда 28 млрд. 379 млн. тонна км. болды. Былтырғы жылғы осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 523 млн. тонна км-ге немесе 2 пайызға артты.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «Атасу - Алашаңқай» мұнай құбырына мұнайды ауыстырып құю көлемі биылғы есепті кезеңнің қорытындылары бойынша 8 млн. 398 мың тонна мұнай деңгейіне жеткен. Бұл 2009 жылдың осы кезеңінің көрсеткішінен 2 млн. 175 мың тонна немесе 35 пайызға артық.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан «ТОН-2» мұнай құбыры учаскесімен Ресей мұнайының транзиті 2010 жылғы есепті кезеңнің қорытындылары бойынша 4 млн. 589 мың тоннаны құрады. Бұл да 2009 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда 263 мың тоннаға немесе 6 пайызға көп

Өткен жылмен салыстырғанда «ҚазТрансОйл» АҚ магистралды мұнай құбырлары жүйесімен Қазақстан Республикасының мұнай өңдеуші зауыттарына мұнай тасымалдау көлемі де арта түскен. Атап айтқанда, 2010 жылдың 10 айының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының МӨЗ-деріне өңдеу үшін мұнай тасымалдау көлемі 10 млн. 602 мың тоннаны құраған. Бұл 2009 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 1 млн. 678 мың тоннаға немесе 19 пайызға артық.