ҚазҰАУ студенттері Қысқы Азия ойындары еріктілерінің ең үлкен тобы деп мойындалды

АЛМАТЫ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарындағы еріктілердің ең үлкен тобы Алматы бойынша Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң студенттерi екен.

Азиаданың жедел еріктілер қызметi штабының төрағасы Бахтияр Макеннің айтуынша, қаланың ЖОО-ы 7- Қысқы Азия ойындарын өткізу жөніндегі дайындық жұмыстарына белсене араласуда. Құрамында 600 студенті бар ҚазҰАУ-дың еріктілері көш бастап тұр екен.

Аталған университеттің тәрбие ісі және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Бауыржан Иманғалиев студенттердің «Табаған», «Шымбұлақ», «Медеу», шаңғы-биатлоны мен халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру спорт кешендерінде көрермендердi орналастыруға көмек көрсететіндігін айтты.

Бүгінгі күні еріктілер нысандарды зерделеп үйреніп жүр. Одан кейін оларды техника қауіпсіздігімен танысу күтіп тұр. Еріктілерге тегін тамақ беру, нысандарға апару мен тұрғылықты жеріне жеткізу мәселелері толықтай қамтамасыз етілген.

Ал тіл білетін студенттер шетелдік спортшылар мен делегацияларды қабылдап, соларға қызмет көрсететін болады.

"Біз, елімізбен оқу орнымыздың патриоты ретінде Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жұмыстарына қуана қатысамыз. Шетелдік қонақтар мен әлемнің түкпірінен келетін жанкүйерлерді еліміздің жерінде қарсы алу, біз үшін абырой", -дейді ҚазҰАУ-дің 4 курс студенті Диас Сабырбаев.