ҚазҰТУ-да магистратурада оқитындардың қатары 3 есе, PhD докторантурада оқитындар саны 5 есеге ұлғайды - университет ректоры

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Алматыда  Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің 75 жылдығына орай Ғылыми кеңес мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген мәжіліс болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға университет проректорлары, департаменттердің, институттардың ректорлары, кафедра меңгерушілері, басқа да құрылымдардың өкілдері, профессор-оқытушылар қатысты. Мәжіліс барысында университет ректоры, профессор Жексенбек  Әділов "Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың 2008-2011 жылдарға арналған Даму бағдарламасының орындалу барысы туралы және университет ұжымының 2009-2010 жаңа оқу жылына арналған міндеттері" деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамада оқу ректоры дамудың барлық саласын, жетістіктерді түгел қамтып, кездесіп отырған кемшіліктерді жоюдың жолдарын көрсеткен. Сонымен қатар оқу орнының ректоры мәжілісте университетте халықаралық ынтымақтастық бағытындағы атқарылып жатқан сан қырлы жұмыстарға тоқталып, оқу-тәрбие жұмысы да назардан тыс қалмағанын атап өтті. «Жастарға патриоттық және интернационалдық тәрбие беру мәселесіне көбірек көңіл бөлудеміз» деді Ж.Әділов.

«Университеттің құрылғанына 75 жыл толып отыр. Инженер кадрларын даярлауда Қазақстан техникалық жоғары оқу орындары арасында көшбасы саналатын біздің университет инновациялық оқу орнына айналу үшін ізденістермен барлық бағытта ілгері жылжып келеді. "Қазақстан жоғары оқу орындарының міндеті білім беру деңгейін әлемдік стандарт деңгейіне көтеру, ал олардың арасында жетекші оқу орындарының берген дипломдарын әлем тануы керек. Бұған жетуге олар міндетті" деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев халыққа Жолдауында атап өткеніндей, ҚазҰТУ  ұжымының бүгінгі таңдағы басты міндеті осынау талап мүддесінен шығу болып отыр», дейді университет ректоры, профессор Жексенбек  Әділов.

 Оның айтуынша, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі соңғы кездері 2,5 есе артып, 500 миллион теңгеге жеткен. Магистратурада оқитындардың қатары 3 есе, PhD докторантурада оқитындар саны 5 есеге ұлғайған.