Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Н. Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға қатысты референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың ҚР азаматтарына Үндеуін талқылауға арналған басқосуда барлық қатысушылар пікірі бір арнаға тоғысты. Оған университет басшылығы, оқу орнына қарасты барлық институттардың директорлары мен құрылымдардың жетекшілері, профессор-оқытушылар өкілдері мен кафедра меңгерушілері, студенттер қауымының белсенді мүшелері қатысты.
ҚазҰТУ-дағы дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі, кезінде волейболдан Қазақстан құрама командасын әлемге танытқан әйгілі спортшы Ж.Сауранбаев өз ойымен бөлісті. «Жақында ғана Президентіміздің өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастамашы топтың мүшесі Олжас Сүлейменовпен жолығып, пікір алыстым. Менің ойымша, Қазақстан спортына елеулі де сүбелі үлес қосқан, есімдері әйгілі спортшылар бірігіп, ҚР Туризм және спорт министрлігі арқылы Үндеуге қолдау білдіруді көздеп отырмыз. Елімізде білім мен ғылымды ғана емес, спортты дамытуға үнемі көңіл бөліп келе жатқан Н.Әбішұлына біз де осындай сәтте шын қолдау білдіреміз», - деді ол.
Жиынды университет ректоры Жексенбек Әділов қорытындылады. «Бұл мәселеде, әсіресе, жастар арасында дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Елбасының қажырлы еңбегін қолдау әркімнің өз еркі. Десе де, бүгінгідей бақытты өмір мен ел тыныштығынан асқан ештеме жоқ екенін де ұмытпаған жөн»,- деді ректор.
Жиынға қатысушылар бүгінгі Президентіміздің өкілеттігін ұзартуды қолдау жөнінде бірауызды шешімге келді.