ҚазҰУ-да Abacus электронды брондау жүйесіндегі компьютерлік сынып ашылды

АЛМАТЫ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше ҚазҰУ-да география факультетінде Global Distribution System (GDS) Abacus электронды брондау жүйесіндегі компьютерлік сыныбы ашылды,

деп хабарлайды аталған университеттің баспасөз қызметі.

Бұл сынып университет базасында электронды брондау жүйесін оқытудың Қазақстандағы ең бірінші және бірден бір мамандандырылған сыныбы болып табылады. Жоба Abacus Central Asia Ltd және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында келісімшарт негізінде іске асып отыр, яғни біріккен қызмет арқасында мамандандырылған туристік кадрларды дайындау мен қолданбалы ғылыми- зерттеу жұмыстарын қарастырады.

Abacus компаниясы оқыту бағдарламасымен бірге, Internet жүйесі арқылы дәл сол уақытта брондау процесін толығымен үлгілейтін, құрал-жабдығы түгел, лицензиялы бағдарламамен қамтамасыз етілген мультимедиялы сыныпты тапсырған. Осы орайда, туризм кафедрасының сегіз оқытушысы (GDS) Abacus жүйесін оқып, сертификат алған. Abacus өкілдерімен бірге оқу бағдарламаларын ескеріп, оқу процесінде қазақ және орыс тілінде білім алатын топтарға қолданылатын әдістемелік материалдар әзірленген. Бүгінгі күні (GDS) Abacus жүйесін оқыту «Туризмдегі ақпараттық қамтамасыздандыру» курсының бағдарламасына енгізілген, алайда келесі жылдан бастап Abacus компаниясымен қоса бағдарламалық және әдістемелік қамтамасыз етудің негізінде бөлек мамандандырылған курстың енгізілуі мен алдағы уақытта басқа университеттер, туристік фирмалар мен ұйымдардан мамандарды оқыту, туризм және қонақүй мамандарын қайта дайындау, біліктілікті көтеру жоспарлануда.

Қазіргі ақпараттық технологиялардың базасында оқытудың инновациялық жүйелерін енгізу негізінде ҚазҰУ студенттері өз алдына еңбек нарығында бәсекелестігін арттырып, арнайы білім алып, мамандану мүмкіндігіне ие болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың туризм кафедрасы 2010 жылы республикалық рейтинг көрсеткішінде маман даярлауда бірінші орын алған.