Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ұйымдастырылған кештің көркін бұл жолы арнайы сахна саңлақтары емес, ер адамдардан құралған университеттегі оқытушы-профессорлар құрамы, проректорлар, ректорат қызметкерлері, бөлім бастықтары, факультет декандарының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары келтірді.
Ардақты апа, аяулы ана, сүйікті қарындас мерекесіне арнап тек ер-азаматтарымыздың өнер көрсетуі ҚазҰУ тарихында тұңғыш рет ректор Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен жүзеге асып отыр екен.
ҚазҰУ ұжымындағы ерлер тарапынан кеште аналарға, аруларға, нәзік жандарға арналып өлеңдер оқылды, жыр жырланып, ақындардың әйел тақырыбына арналған сатиралары тыңдалды. Сонымен қатар серілеріміз заманауи би билеп, көңілді әзілдермен бөлісті. Сарай ішіндегі көрермендердің қалың қолпаштауы мен ыстық ықыласы «жұмақ - ана табанының астында» деп аяулы да асыл жандардың мейрамын ұлықтап, мерекелік көңіл күй сыйлаған қазұулық азаматтарға «біздің ауыл жігіттері -жігіттердің төресі» деген ризашылық танытып тұрды.