ҚазҰУ-дың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңес отырысындағы кең-ауқымды талқылаулардан кейін 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесіне ие болған еліміздің жетекші университетінің ұжымы өз алдына әлемнің үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына кіру мақсатын алға қоюда.

Бағдарламаның басым бағыты ғылым, білім және инновацияларды интеграциялау негізінде ЖОО-ның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Университеттің 4.0 заманауи моделі аясында ҚазҰУ білім беру қызметтерін экспорттайтын әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне жүйелі түрде ауысуда. Бағдарламаға сәйкес ұлттық және халықаралық деңгейде ғылыми, білім беру және инвестициялық серпінді жобалар іске асырылатын болады. ҚазҰУ, сондай-ақ, «Al-Farabi Smart University» кешенді жобасы негізінде озық цифрлық экожүйе қалыптастыруға ниетті, зерттеу және инновациялық компоненттер бойынша әлемнің үздік университеттерінің позицияларына қол жеткізу жоспарлануда.

Сонымен бірге бағдарламада әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында әл-Фараби орталықтарының санын ұлғайту және ҚазҰУ-дың шетелдік филиалдарын ашу көзделген, бұл университеттің әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялануына және білім беру қызметтерінің жетекші экспорттаушысы ретінде халықаралық танымалдығын арттыруға ықпал ететін болады. Бұл ретте білім алушы студенттердің кемінде төрттен бір бөлігін шетел азаматтары құрайды деп болжануда. Бес жыл ішінде шоғырландырылған бюджет көлемі 1,5 есе, оқытушылардың жалақысы 2 есе өседі.

Әлемдік деңгейдегі университет кампусын құру, инновациялық инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар тарту жөніндегі шаралар кешені бағдарламаның маңызды бөлігі. ҚазҰУ қалашығын дамытудың үшінші кезегін іске асыру шеңберінде жоғары оқу орнының барлық ғимараттары мен құрылыстарының жалпы алаңын ұлғайту көзделуде. 1250 орындық жайлылығы жоғары жаңа жатақхана, әлеуметтік және оқу-өндірістік мақсаттағы ғимараттар пайдалануға беріледі.

Білім беруді, ғылым мен өндірісті интеграциялау және ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізу жөніндегі маңызды міндет тұр. Осы ретте әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын құру жөніндегі ауқымды жоба іске асырылатын болады, оған инновациялық, медициналық-биологиялық және халықаралық IT кластерлер кіреді.

Университеттің жоғары технологиялық құрамдас бөлігін дамытумен қатар бағдарлама жоғары білікті бәсекеге қабілетті мамандарды ел патриоттары және әлем азаматтары ретінде қалыптастыруға бағытталған рухани-адамгершілік тұғырнамасын күшейтуді көздейді. Дамудың жаңа кезеңінде қоғамды әлеуметтік-рухани жаңғырту және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру драйвері ретіндегі университеттің рөлін нығайту ҚазҰУ-дың маңызды сипаттамасына айналады. ҚазҰУ Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде ұсынған жаңа буын ЖОО-ның даму моделі Университет 4.0 халықаралық деңгейде іске асырылатын болады.

ҚазҰУ еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны ретінде Қазақстанның әртараптандырылған экономикасының жетекші драйверіне айналуы тиіс, осы тұрғыдан, дамудың жаңа бағдарламасы алға қойылған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге, сапалы өсу мен жаһандық ғылыми-білім беру қоғамдастығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.