ҚазҰУ-ға министрліктің арнайы тобы барады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын тексереді. Бұл туралы министрлік хабарлады.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Осы мақсатта университетке арнайы мониторингтік топ жіберіледі. Мамандар студенттердің өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты заң талаптары мен ішкі ережелердің сақталуын тексереді. Сондай-ақ тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне баға береді.

— Тексеру кезінде жанжалдардың алдын алу, студенттердің өтініштеріне уақытылы жауап беру және оларға психологиялық көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылады, — делінген хабарламада.

Мониторинг қорытындысы бойынша студенттер қауіпсіздігін арттыру және профилактикалық жұмысты жетілдіру жөнінде қосымша шаралар әзірленеді.