Моңғолияда өтіп жатқан Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізе алмады

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM —  Ұлан-Батырда (Моңғолия) өтіп жатқан Grand Slam сериясындағы халықаралық турнирдің алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы ешқандай медаль ала алмады. Бұл туралы ҚР Ұлттық олимпиада комитеті мәлім етті. 

— Бес спортшымыздың ішінде финалдық кезеңге тек Бауыржан Нарбаев қана өтті. Ол 66 келіге дейінгі салмақта қола медальға үміткер болды. Алайда үшінші орын үшін өткен белдесуде Нарбаев моңғолиялық Баттогтох Эрхембаярдан жеңіліп қалды, — делінген комитет хабарламасында.

Осылайша, турнирдің алғашқы күнінде қазақстандық дзюдошылар жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ.

Еске сала кетейік, халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) мәліметінше, аталмыш жарысқа қатысып жатқан қазақстандық балуандардың тізімі төмендегідей:

60 келіге дейін: Талғат Орынбасар, Нұраділ Әлжан

66 келіге дейін: Ержен Еренғайыпов, Бауыржан Нарбаев

73 келіге дейін: Саят Сейітқалиев

81 келіге дейін: Мейіржан Жұмабек

90 келіге дейін: Ермахан Әнуарбеков