ҚазҰУ Кореяның ең беделді екі университетімен стратегиялық серіктестік орнатты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Кореяның жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Келісімдер «Корея — Орталық Азия» саммиті аясында жасалды. Атап айтқанда, ҚазҰУ Корё университеті және Ёнсе университетімен ынтымақтастықты ресми түрде бекітті.

Ресми рәсімге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары — бірінші проректордың міндетін атқарушы Самғат Ермекбаев, сондай-ақ Корё университеті мен Ёнсе университетінің басшылығы қатысты.

ҚазҰУ мен Ёнсе университетінің ынтымақтастығы 2011 жылдан бері жүйелі түрде дамып келеді. Жаңа меморандум академиялық байланыстарды одан әрі нығайтып, студенттер мен оқытушылар алмасуын, академиялық ұтқырлықты және бірлескен білім беру бастамаларын кеңейтуге мүмкіндік береді. Корё университетімен жасалған келісім бірлескен ғылыми зерттеулерді, ауқымды академиялық іс-шаралар мен іргелі білім беру бастамаларын дамытуды көздейді.

— Жалпы екі меморандум ҚазҰУ мен Кореяның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты жекелеген академиялық алмасулардан кешенді стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге бағытталған. Сонымен қатар ҚазҰУ студенттері үшін Корё университеті мен Ёнсе университетінде ғылыми және өндірістік тағылымдамадан өтуге, кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және халықаралық академиялық ортада тәжірибе жинақтауға жаңа мүмкіндіктер ашылады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Корё университеті мен Ёнсе университеті Корея Республикасының ең беделді жоғары оқу орындарын біріктіретін SKY академиялық тобының құрамына кіреді. Екі университет те халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге ие және Кореяның білім беру мен ғылыми-зерттеу жүйесінде жетекші орын алады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы сыртқы істер министрлері болашаққа бағдарланған қазақ-корей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктeстік деңгейіне дейін көтеру туралы вербальді ноталар алмасты. Қазақ-корей келісімдері энергетика, ғылым, жұмыспен қамту және туризм саласын қамтыды.