ҚазҰУ студенттері ел жастарын ұлттық жастар қозғалысын құруға атсалысуға шақырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде жастар жылына байланысты форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шараға 2 мыңнан астам жастар - студенттік ұйымдардың көшбасшылары, жас ғалымдар, стартаперлер, кәсіпкерлер мен еріктілер жиналды.

Форумды ашқан ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов қатысушыларды жастар жылымен құттықтап, болашақ тек белсенді әрі білімді жастардың қолында екенін қадап айтты.

«Шынында, көзі ашық, көкірегі ояу жастар өте көп. Осы жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы еліміздің болашағы үшін, ал болашақ - ол жастармен байланысты», - деді ректор.

Бұл форум барысында «Жастардың шығармашылығы мен күш жігері - елдің инновациялық дамуы үшін» ұлттық жастар қозғалысын құру жөніндегі бастамасы ұсынылды. Студенттер ел жастарын қозғалысқа белсенді қатысуға және бар білімін, қабілетін, шағырмашылығын креативті идеяларды, жобаларды және инновацияларды жасап, енгізуге шақырды.

«Біз - ҚазҰУ жастары, Қазақстанның барлық жастарына үндеу жасаймыз деп шештік. Бүгінгі форумның басты мақсаты - студенттерді ғылым мен білімге баули отыра, инновациялық ортаны, жаңашыл ортаны, жаңа идеясы бар студенттердің платформасын қалыптастыру. Егер осы идеяны әр университет, әр кәсіпорын және аймақ қолдайтын болса, біздің елімізде инновацияға және ғылымға деген құштарлығы мол қоғам қалыптасады», - деді форум ұйымдастырушысы, ҚазҰУ жастар өнер комитетінің жетекшісі Нұрсұлтан Бекқайыров.

Айта кетсек, Президент Қазақстанхалқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Арада бір айдан астам уақыт өткеннен кейін Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып ресми түрде жарияланды.