Қазығұртта еңбек жәрмеңкесі өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында еңбек жәрмеңкесі өтті. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында өткен жәрмеңкеде бірнеше азамат әлеуметтік түйткілін шешіп, тұрақты жұмыс орнын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәрмеңкеге 18 жұмыс беруші мекеме қатысты. Олардың тарапынан 65 бос жұмыс орны ұсынылды.Ал,  жұмыс іздеп келгендердің дені - кәсіби мамандықтары бойынша қайта даярлау курсын бітіріп келгендер болды.

Сала мамандарының сөзінше, жәрмеңке  жұмыс іздеп жүрген аудан тұрғындарына, олардың ішіндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кәсіпорындар мен мекемелердегі бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыссыздарға бағыт береді. Өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына ықпал етеді.

 Айта кетсек, үстіміздегі жылы аталған аудан бойынша жұмыс беруші мекемелердің сұранысына сәйкес,  434 азамат қысқа мерзімді оқу курсына жіберілді. Олар 14 мамандық бойынша оқып, кәсібіне сәйкес жұмысқа орналасты. Жәрмеңкеде  57 азамат  тұрақты жұмысқа жолданды. Тағы 8 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды.