Қазығұрттық бағбан 8 наурызда 50 мың тал раушан гүлін сатылымға шығармақ

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданындағы шаруа қожалығы 8 - наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 50 мың тал раушан гүлін сатылымға шығармақ, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде  «Гул Мансур» ЖШС-нің 1 гектар жылыжайында «Черная магия» тұқымды раушан гүлі өсірілуде. Осыдан алты жыл бұрын  екі жанұяның бірігуімен құрылған шаруа қожалығы инвестициялық кұны 12 млн теңгені құрайтын жобаны қалға алды. Қазіргі таңда серіктестіктің меншігінде 2,5 гектар егістік жер бар болса, оның бір гектарына жылыжай жасалған.  Онда «Черная магия» тұқымды раушан гүлдері өсіріледі. Қожалық иесі бұл гүлдерге сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады.
  

«Гүлді алғаш рет 2013 жылы 0,40 гектар жылыжайға егіп көрдік. Сосын гүлге деген сұранысты байқаған соң, жылыжай көлемін 1 гектарға дейін ұлғайттық. 2017 жылы 45 мың дана гүл дайындалып, ауыл, аудан және облыс көлемінде сатылымға шығарып, табысқа кенелдік. Биыл түсім одан да жақсы болады деген үміттеміз», - дейді қожалық иесі.
 

Айта кетейік, қожалық бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Маусым кезінде мұндағы жұмысшылар саны 20-ға жетеді. Әрбір қызметкерге 50 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Шаруашылық басшылығы болашақта жылыжай ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.