«Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 ақпан, дүйсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Ауыр қылмыс азайғанмен, жемқорлықтың жылы болды» атты мақала басты.

Басылымның жазуынша, Қазақстан Республикасы Жо­ғар­ғы Со­тының төрағасы Бектас Бекна­за­ров­тың қатысуымен өткен мә­жі­лісте Қос­та­най облыстық сотының төр­аға­сы Бағлан Мақұлбеков жыл бо­йы атқа­рыл­­ған жұмыс жайлы баяндама жасады. Қос­­танай облы­сы­­­ның соттар өнді­рісі өткен жылы бар­лығы 69 470 іс пен материалдарды, соның іш­ін­­де 4 114 қылмыстық, 35 348 азамат­тық, 20 116 әкімшілік іс қараған. Қылмыс былтырғымен салыс­­тыр­­ған­да 997 іске азайған. Жалпы облыс бойынша қылмыстық істердің тө­мен­деу үдерісі байқалады. Оның есесіне есепті жылда қостанайлық биік ла­уа­зымдағы жемқор шенеу­нік­тер­дің біраз шулатқаны оқыр­ман­дар­дың да есінде болар. Мемлекет қазынасына сұға­нақ­тық жасаған сыбайлас жем­қор­лық қылмыстың саны көбейген. Облыстық соттар қараған жемқорлық туралы 45 істің өткен жылдан бесеуі артық.

  

Оңтүстіктің қысы қоянның құйрығындай шолақ. Әйтсе де соның өзі қысқа дайындығы нашар қалалар мен аудандардың әптер-тәптерін шығарып жібереді. Ақпанның үшінен төртіне қа­раған жұлдызында Кентау қа­ла­сындағы ЖЭО-5-те апат бо­лып, жылу жүйелері істен шықты. "Қырсыққанда қымыран іриді" дегендей, оңтүстікте аяз да кәріне мініп тұрған. Қа­ра­тау­дың етегінде отырған шағын қалада сол күндері он бес-жиыр­­­ма градус аяз болса, түнде отызға дейін жеткен. Бүкіл қала бетіне қарап отырған жалғыз жылу электр стансасы істен шыққан соң, тұрғындар түзде де, үйде де сүйек қаритын аязбен бетпе-бет қалды.Бұл мәселе жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Кентау аяз құрсауында» атты мақаладан оқыңыздар.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, былайғы ел аста-төк байлықтың ортасы деп білетін Атырау халқы «басты байлықтарын» жоғалтып жатыр. Үштегі ұлы қатерлі ісікке шалдығып, бойжеткен қызының өкпесін құрт ауруы тесіп тастаса, елдің ендігі үміті не?. Басы ауыра қалса да «экологияның кесірі» деген жалақы жауапты алдына тартуды әдетіне айналдырған атыраулықтар әйтсе де туған жерлерін тастай қашуды ойларына да алмайды. Қазынадағы көп қаржы түптің түбінде қара халықтың қамына жаратыларына олар сенеді де. Бірақ ұрпағының дені сау боп өсеріне деген сенім аз. Неге? Бұл мәселе туралы «Алаша айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?» атты мақаладан егжей-тегжейлі білуге болады.

 Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, қырғыздар мен тәжіктердің арасынан ши шықты. Жаңа жылға бір-екі күн қалғанда, желтоқсанның 28-і күні қырғызстанның Баткен облысына қарасты Андаракт ауылында қырғыздар мен тәжіктердің жаппай қақтығыстары орын алды. Мектеп оқушыларының арасындағы ақшаға таласудан туындаған қарапайым төбелестің арты екі жақтан жүздеген адамның қатысуымен болған жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Осы оқиға барысында бірнеше дүкен, үй және автокөліктер өртке оранған. Қырғызстанда болған бұл оқиғалар «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Қырғызстандағы тәжік мәселесі ушығып барады» атты тақырыппен басылған және онда осы оқиғаға жан-жақты сараптама жасалады.

***

Елордада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақовтың төрағалығымен Жоғары сот кеңесінің мәжілісі өтті. Мәжіліс барысында Мемлекет басшысының Жоғары сот кеңесінің алдына қойған және Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселелері қаралды. Осыған қарай кеңестің жұмыс жоспарына біршама өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар онда Соттардың  республикалық тәртіптік-біліктілік алқасы мен Сот алқасының сондай-ақ Судьялар этикасы жөніндегі комиссияның 2011 жылы атқарған істері ортаға салынды. Бұған қоса мәжіліске қатысушылар Жоғарғы соттың аудандық және оларға теңестірілген соттардың штат құрамын оңтайландыру жөніндегі ұсыныстары тыңдалды. Бұл мәселелер «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Кадровые вопросы судебной системы» атты тақырыппен басылды.