Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыстың жартылай финалы 24 қараша күні бір уақытта ТМД елдерінің Санкт-Петербург, Ташкент, Тбилиси және Барнаул қалаларында өткен. Тартысты өткен жарысқа Украина мен Молдовадан басқа пост-кеңестік кеңістік елдерінің 200-ден аса студенттік топтары қатысқан.
Ташкентте болған бәсекеде командалар ACM ICPC ақтық сынымен бірге, Орталық Азия чемпиондығына таласқан. Қазақстан атынан бұл сында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, ҚБТУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және басқа да ЖОО студенттері қатысқан. Сайыс қорытындысында алғашқы 6 орын ішінде 5 қазақстандық және Ташкент ММУ командалары болған.
1-3-орындарды ҚБТУ командалары алса, 4-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері иеленген. Ал осы төрттіктен 2011 жылдың ақпанында Мысырда өтетін ақтық сынға Орталық Азия аймағының жеңімпазы - «ҚБТУ-1» студенттік командасы шақырылды. Команда құрамы - ақпараттық технологиялар факультетінің 3-курс студенттері Есенаманов Арман, Байжікенов Бақытжан және Қанапин Есенжар. Енді олар алдағы жарыста Орталық Азия аймағындағы осы сала мамандарының деңгейін көрсететін болады.