Kcell Қысқы Азия ойындарының ресми ұялы байланыс операторы болып бекітілді

/strong>Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда «7-ші Қысқы Азия ойындарының атқарушы дирекциясы» АҚ президенті Анатолий Құлназаров пен GSM Қазақстан/Kcell ұялы байланыс операторының қаржы жөніндегі директоры Толга Көктүрік арасында арнайы келісімге қол қойылды.

Келісімге сәйкес Kcell Қысқы Азия ойындарының ресми ұялы байланыс операторы болып бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келісім бойынша Kcell ұйымдастыру комитетін, қонақтар мен спортшыларды ұялы байланыспен және ұтқыр интернетпен қамтамасыз етпек. Сондай-ақ тұтынушыларға ойындар туралы ақпараттық сервис қызметі де жолға қойылмақ. Толга Көктүріктің айтуынша, әлемдік сапаға сай байланыспен қамтамасыз ету үшін компания алдағы уақытта Астанада 4, Алматыда 3 қосымша базалық стансы мен 4 WiMAX базалық стансысын орнататын болады. Бұларға қызмет көрсету үшін 350 адам жұмысқа алынбақ.

«Қазіргі кезде Алматы мен Астана қалаларындағы ойын нысандарында құрал-жабдықтар орнатылып, тестілеу жұмыстары жүргізілуде», дейді Толга Көктүрік.