ҚДБ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 22 жобаны қаржыландырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Даму банкі желісі бойынша өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік қолдау аясында Ұлттық қордан экономиканы қолдауға бөлінген бірінші және екінші транш тұрғысында 17,8 млрд. теңгеге 22 жобаға қаржы бөлді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «ҚДБ» АҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді.

«Қазақстанның даму банкі - ірі инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты экономиканы мемлекеттік қолдау шараларында негізгі оператор. Осы мақсаттарға «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысу үшін Ұлттық қордан ҚДБ-ға 170 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржының 100 млрд. теңгесі коммерциялық банктер арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды несиелеуге қарастырылған. Ал қалған 70 млрд. теңге автокөлік, тікұшақ, жолаушылар вагондары, сондай-ақ қазақстандық тауарлардың экспортын ынталандыру секілді нақты шараларға көзделген», - деді Б. Жәмішев.

«100 млрд. теңгеге тоқталатын болсақ, әрқайсысы 50 млрд. теңгелік қос транш игеріліп жатыр. Өткен жылдың бірінші траншына айқындалған жобалар өңдеуші өнеркәсіптің 23 саласында жүзеге асырылуда. Бұнда тағам, киім-кешек, қағаз бұйымдары, мұнай өңдеу өнімдері, фармацевтика және басқа да салалар қамтылған»,-деді ол.

Оның ішінде бірінші транш бойынша өңдеу саласындағы 22 жоба мақұлданды. Сонымен бірге бүгінде 14 млрд. 139 млн. теңге көлемінде қаржыландыру 16 жоба бойынша басталды. Ал екінші транш тұрғысында 15 жоба мақұлданып, оның ішінде 6 жоба аясында 3 млрд. 593 млн. теңге көлемінде қаржыландыру бастау алды.

«Яғни, екінші деңгейлі банктермен 22 жоба мақұлданып, қаржыландыру жүріп жатыр. Атап айтқанда, екінші транштың жарты сомасы жаңа жобаларға қарастырылған»,-деді ол.