Банк өкілдерінің айтуынша, ақпараттық ашықтықты арттыру мақсатында ҚДБ АҚ әкімшіліктендіруі және қаржыландыруындағы жобалар туралы жалпыға қолжетімді ақпарат базасын кеңейткен көрінеді. Бұдан былай кез-келген азамат https://www.kdb.kz сілтемесі арқылы өтіп, банктің сайтында қаржыландырудың негізгі шарттары туралы барынша толық ақпаратпен таныса алады. Онда қаржыландырудың сомасы, мерзімі, валютасы, сыйақы мөлшерлемесі және қарыз алушының атауы және жобалар бойынша жалпы мәліметпен (жобаның атауы мен сипаттамасы, қаржыландыру көздері, жоба құны мен қарыз алушының немесе үшінші тұлғалардың жобаны қаржыландыруға жеке қатысуының мөлшері) білуге болады.
2016 жылы қазанда бекітілген ҚДБ несие саясаты туралы Меморандумның жаңа редакциясына сәйкес Банк инвестициялық жобаларды қаржыландыру «шегін» 30 млн АҚШ долларынан 7 млрд теңгеге дейін, тамақ өнеркәсібі үшін - 10 млн АҚШ долларынан 3 млрд теңгеге дейін, экспорттық операциялар үшін - 5 млн АҚШ долларынан 1 млрд теңгеге дейін төмендетті.
2016 жылдың қорытындысы бойынша жобалар мен бағдарламаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 426 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда банк тарихында бұл сома рекордтық көрсеткіш болып табылады. Есептік кезеңде тікелей несиелеу аясында Даму Банкі жалпы 277,5 млрд теңге сомаға шикізаттық емес салалар кәсіпорындарының 14 инвестициялық жобасы мен 10 экспорттық операциясын қаржыландырды. Бұл ҚДБ-нің экономиканың шикізаттық емес сектор кәсіпорындарын несиелеуге бір жылда берген ұзақ мерзімді қарыздарының көлемімен салыстырғанда 57%-ды құрайды.
Сонымен қатар 2016 жылы Қазақстанның Даму Банкі еліміздің кейбір өңірлерінде ірі жобаларға қаражат аударджы. Айта кетсек, ҚДБ Ақтөбе қаласында рельс-арқалық зауытының құрылысын, Тараз қаласында және Оңтүстік Қазақстан облысында газ тарату желілерін жаңғырту, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында Ақтоғай кен орнында сульфидті кен өңдейтін тау-кен байыту фабрикасының құрылысы сияқты ірі жобаларды қаржыландырды.
Өз кезегінде ағымдағы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша ҚДБ қаржыландыруға жалпы 346 млрд теңге қарыздар сомасына 6 жобаны мақұлдады, олардың ішінде Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту және жөндеу, сондай-ақ Астана халықаралық әуежайының жолаушылар терминалын жөндеу сияқты маңызды жобалар бар. Бұдан өзге, банктік сараптама кезеңінде тамақ өнеркәсібі (азық-түлік өндірісі) және мұнай өңдеу сияқты салаларда 2 ірі жоба бар.
Оған қоса, ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында жалпы 102,5 млрд теңге сомаға 7 инвестициялық жоба мен 6 экспорттық операция қаржыландырылды.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы 2000 жылғы 28 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев №531« Қазақстан Даму Банкі туралы» Президент Жарлығымен 2001 жылғы 18 мамыр Қазақстан Республикасы Үкіметінің №659 « Қазақстанның Даму Банкі» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» Қаулысымен сәйкес құрылған.