ҚДБ жолаушылар вагондары паркін жаңарту жобасын қаржыландырады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ негізгі бағыттар бойынша жүрдек қозғалысты кеңейту мақсатында «Тальго» жолаушылар вагондарын сатып алуға 20 жылдық мерзімге несие береді.

Банк тиісті несие келісімін ағымдағы жылдың 31 шілдесінде Астана қаласында «Лизингтік жолаушылар вагон компаниясы» АҚ және «Жолаушылар тасымалы» АҚ компанияларымен бекітті. Жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын жоба ҚР Үкіметінің 2015 жылдың 23 сәуіріндегі №271 қаулысына сәйкес Ұлттық қор қаражатынан қаржыландырылады.

Банк ұсынатын қаржыландыру облысаралық бағыттарда негізгі он қатынас (Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Маңғышлақ ст.) бойынша жолаушы поездар паркін жаңартуға мүмкіндік береді. Қазақстанның географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескеріп «Тұлпар-Тальго» ЖШС вагонқұрастырушы зауытында шығарылған аса ыңғайлы әрі берік 28 «Тальго» вагоны сатып алынатын болады. Барлық «стандартты», «туристік» және «бизнес-класс» купелері бейне/аудиоаппаратурасымен жабдықталады. Бұл туралы ҚДБ баспасөз баяфында хабарланды.

«Тасымалдаудың қауіпсіздік деңгейі мен сапасын арттырумен қатар осы жобаның ауқымында біз жылжымалы құрамның жетіспеушілігі мәселесін жоспарлы түрде шешудеміз. Бүгінгі күні жолаушылар тасымалының 60 пайызға дейін түгендемелік теміржол паркі тозып, ауыстыруды қажет етеді. Ондай жоба мемлекеттің және «Бәйтерек» холдингінің қолдауы мен Қазақстанның Даму банкі желісі арқылы Ұлттық қордан қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаражат бөлу арқасында жүзеге асты», - деп баяндады «Лизингтік жолаушылар вагон компаниясы» АҚ президенті Нариман Нұрьяров. Жоба ұлттық теміржол тасымалдаушысы - «ҚТЖ» ҰК АҚ түгендемелік паркін жаңарту бойынша кешенді салалық бағдарламасының бөлігі болып табылады. Қазақстанда құрастырылған вагондарға пайдалануға тапсыру 2017 жылдың ортасында жоспарланады.

Ақпарат үшін: ҚР Ұлттық қорынан отандық өндірушілер мен экспортшыларды ҚДБ арқылы қаржыландыруға 70 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 5 млрд теңге жолаушылар вагондарының өндірісін қолдауға арналған.