Кеден бекетінде есірткі заттарын өткізуді анықтау фактілерінің көбеюі байқалуда

Алматы. 1 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылдың соңғы 9 айында Алматыдағы «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері экономикалық контрабанда бойынша 39 факті мен кедендік тәртіпті бұзған 156 әкімшілік материалды анықтады. Бұл жайында журналистік тур кезінде «Жетісу» кеден бекеті басшысының орынбасары Абзал Шөгелбаев айтты.

«Жетісу» кеден бекеті Алматы халықаралық әуежайының қызмет ету аймағында орналасқан.

А. Шөгелбаевтың айтуынша, биылғы жылы 439004 АҚШ доллары, 23635 еуро, 40600 Қытай юаны, 1810 Ресей рублі, 30 келі күміс зергерлік бұйымдарын, 14,65 келі сары және ақ металдан жасалған бұйымдарды өткізу контрабандасы анықталған.

"Біздің мамандар қызметтік-іздестіру иттерін қолдану арқылы есірткі және психотроптық заттарды іздеуді жүзеге асыруда. Кинолог-мамандардың болуына байланысты, кеден бекетінде есірткі заттарын өткізуді анықтау фактілерінің көбеюі байқалуда", - дейді А. Шөгелбаев.

2010 жылдың 9 айы бойынша ұшу залында 5168, қону залында 5179 халықаралық рейс пен 510 706-дан астам жолаушылар рәсімделген. Сондай-ақ аталмыш кедендік бекет "Қазпошта" АҚ, TNT, DHL, Fedex, UPS, Pony express, ASE және тағы басқа курьерлік қызметтер арқылы өткізілетін халықаралық пошта жөнелтілімдерін рәсімдейді. Соңғы 9 айда жүктің кедендік декларациясы бойынша 7737 халықаралық пошта жөнелтілімдерін рәсімдеген.

Күн сайын Алматы халықаралық әуежайына 20-дан астам жүк рейстері қонса, уақытша сақтау қоймаларына 100 тоннаға дейін жүктер орналастырылады екен.