Кеден инспекторы қытай туристерінен ақша жинап, түрмеден бір-ақ шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - РФ Приморье өлкесіндегі аудандық шекара соты отанына жеміс алып өтпек болған қытай туристерінен салық талап еткен  бұрынғы кеден инспекторын колонияға жіберді.

 Қиыр Шығыс көлік прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Уссурий кеден бекетінің инспекторы шекарадан  жеміс-жидек алып өткендер ешқандай алым-салық төлеуге тиіс болмаса да, олардан жүйелі түрде ақша алып тұрған.

Туристер құқық қорғау органдарына шағымданған. Кезекті ақша алу кезінде кеденші ұсталды.

Сот оны РФ ҚК 30 бабының 3 бөлімі, 159 бабының 3 бөлімінде қарастырылған (қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алаяқтық жасау) қылмыстық әрекетке барғаны үшін кінәлі деп таныды.

Инспектор екі жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын жалпы режімдегі колонияда өтейтін болады. Бұдан өзге ол 30 мың рубль айыппұл төлейді.