Кеден қызметі салық төлеушілерге 375 млн теңгенің салығын негізсіз өтеген
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) салық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталғанын хабарлады.
ЖАП қорытындысына сүйенсек, салық жүйесінде тексерулер мен қосымша түсімдер көбейгеніне қарамастан тиімсіз жұмыстан хабар беретін фактілер көп. Мысалы, қосымша есептеулердің 70%-ы кешенді тексерулерден кейін анықталып келген.
- Тәуекелі жоғары деп іріктелген 900-ден астам кәсіпорынды тексеру кезінде тек 46 млрд теңге қосымша есептелген. Іріктеуді автоматтандыру жүйесі жеткілікті дәрежеде тиімді емес. 2024 жылғы І жартыжылдыққа арналған жоспардан салық төлеушілердің 61%-ы, II жартыжылдыққа арналған жоспардан 97%-ы алынып тасталған, - деп жазады палатаның баспасөз қызметі.
ЖАП мамандары кедендегі тексерулер бойынша да тиімділік төмендеген.
- 2024 жылы Түркиядан киім-кешек әкелетін алты ірі импорттаушы $145 млн-ға тауар әкелген. Олар ЕАЭО елдерінде берілген 150 сертификатты ұсынған, алайда оның 104-і ресми тізілімдерде тіркелмеген. Бұл нарыққа жалған тауар әкелу тәуекелі бар екенін көрсетеді және халық денсаулығына қауіп төндіреді. Есепті кезеңде тек 33 компанияға 35 хабарлама мен талап жіберілген. Соның небәрі алтауы нәтиже берген. Олар бойынша 643 млн теңге өндірілді. Бұл 249 ірі салық төлеушіден түсетін жалпы салық түсімдерінің 0,01%-ын ғана құрайды. Яғни мониторинг жұмысы жүйелеуді қажет етеді. 2024 жылы 420 млрд теңге қосылған құн салығы уақытылы қайтарылмаған. Бұл шамамен 5 млрд теңгеге жуық өсімпұл есептеу қаупін тудырады. Сондай-ақ 375 млн теңге көлемінде негізсіз ҚҚС қайтару фактілері анықталды, - деп жазады ЖАП өкілдері.
Бұған дейін мәжіліс төрінде кеден қызметінің қадағалау функциясын кеңейтуге Бас прокуратура қарсы болып отырғаны айтылған еді.