— Жүк тасымалы көлемінің артуымен бірге санкция салынған тауарлардың, қосарланған мақсаттағы тауарларды, контрабанданы өткізудің, жалған декларациялаудың және өзге де заң бұзушылықтардың қауіп-қатері де арта түседі. Елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл үшін кеден қызметінің функцияларын қайта қарау, оның ішінде оған құқық қорғау органының функцияларын беру қажет болып отыр. Дегенмен көтеріліп отырған мәселені шешу кезінде кеден қызметіне құқық қорғау органы мәртебесін беру және оған тауарлардың, қару-жарақ пен есірткінің контрабандасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізу құқығын беру Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі құрылымдық бөлімшелерінің қызметін қайталауға алып келетінін ескерген жөн, — деп жазылған Премьер-министрдің жауабында.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына кеден қызметіндегі проблемалар туралы сауал жолдап, кеден қызметін Қаржы министрлігінен дербес орган ретінде қалпына келтіруді ұсынған болатын.