Кеден қызметкерлерін аттестациялау үш кезең бойынша өтеді

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Кеден қызметкерлерін кезектен тыс аттестациялау  үш кезең бойынша өтеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары

Аманияз Ержанов мәлім етті.

ҚР Президенті жанындағы Жоғары аттестациялау комиссиясы бірінші кезекте Кедендік бақылау төрағасының орынбасарларын, аумақтық кеден органдарының басшылары мен олардың орынбасарларын сынақтан өткізетін болады. Осыдан кейін Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің Орталық аттестациялау комиссиясы комитетке қарасты Контрабандаға қарсы күрес және ішкі қауіпсіздік басқармалары, сондай-ақ жедел кезекшілік қызмет бөлімінің қызметкерлерінің біліктілік деңгейін байқап көрмек. Ал ең соңында құқық қорғау мәселесіне жауапты кеден органдарының аймақтық бөлімшелерін аттестациядан өтеді. Олардың дайындығын Аумақтық аттестациялау комиссиясы тексереді. «Аттестация барысында кеден қызметкерлерінің Қазақстан заңдарын білуі мен логикалық ойлау қабілеті тексеріледі. Сондай-ақ олар денешынықтыру, әскери және қызметтік дайындық бойынша тиісті нормативтерді тапсыратын болады. Ал бетпе-бет әңгімелесу кезінде мамандардың психологиялық ұстамдылығы сыналады», - дейді А.Ержанов.