Аталған хаттамаға Астанада 2010 жылғы 5 шілдеде қол қойылған болатын. Хаттама бірыңғай кеден аумағы режимінен уақытша алып тастауларды және ерекше шарттарды бекітуді қарастырады. Атап айтқанда, құжатта жеке тұлғалар жеке пайдалануға арналған жеңіл автокөліктерін әкелу кезінде уақытша жеңілдетілген кедендік баж ставкаларын қолдану көзделіп отыр.
«Қазақстан мен Беларусь республикалары 2011 жылғы 1 шілдеге дейін жеке тұлғалар әкелетін жеңіл автокөліктерге қатысты уақытша жеңілдетілген кедендік баж ставкаларын қолданып отыр. Сондай-ақ қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары, әртүрлі сауда режимдері қолданылатын атуарлар импортына кедендік декларациялауды қолдану да көзделген. Бұдан бөлек, бірыңғай тарифтік ставкалар бойынша келіссөздер шеңберінде Қазақстан сезімтал тауарлар бойынша бірыңғай кедендік тарифке 409 тауар позициясы бойынша өтпелі кезең алу туралы келісімге келген болатын», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.