Кеден одағы аясында ауылшаруашылығы жабдықтарының лизингі бойынша инвестициялық преференцияларды ұсыну механизмін өзгерту қажет

СТАНА. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «ҚазАгро» холдингінің Басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков Кеден одағы аясында ауылшаруашылығы жабдықтарының лизингі бойынша инвестициялық преференцияларды ұсыну механизмін өзгертуді ұсынып отыр.

Ол бұл ұсынысын Үкіметтің бүгінгі селекторлық кеңесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Кеден одағының Кеден кодексі бойынша жаңа кедендік баждардың енгізілуіне байланысты елімізде бірқатар ауылшаруашылығы жабдықтары бойынша кедендік баждар ұлғайтылып отыр. Қосымша құн салығы салына бастаған. Ал, Инвестициялар туралы заңның талаптарына сәйкес, инвестициялық преференцияларды тек қана инвестициялық жобалардың бастамашылары ғана ала алады. Бұлар жеке компаниялар. «Біздегі көптеген инвестициялық жобалардың құрылымында қаржылық лизинг бар. Бухгалтерлік есеп туралы заңға және Лизинг туралы заңға сәйкес, бұл жабдықтар лизинг берушінің, яңғи қаржыландыратын ұйымның балансына қойылды. Ол тек өтелгеннен кейін ғана оның балансына өтеді. Осыған байланысты біз инвестициялық преференцияларды еш пайдалана алмай отырмыз. Қарыз алушыларда қосымша кепілдің жоқтығына байланысты қаржыландыру құрылымын несилеуге өзгерту еш мүмкін емес. Сондықтан да индустрияландыру жобалары бойынша қаржылық лизингті беру мақсатында лизинг берушінің импорттайтын мүлкін босату жөніндегі тетікті әзірлеп, енгізу қарастырылып отыр», деді А. Мамытбеков.