Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режимінен жекелеген уақытша алулар жасалады

АНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режимінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Хаттамаға сәйкес, жалпы пайдаланудағы жолдармен жүруге арналмаған квадроциклдарды, қармен жүретін машиналарды және өзге де жеңіл көлік құралдарын қоспағанда, негізінен адам тасымалдауға, жеке пайдалануға арналған жеңіл автомобильдер мен моторлы көлік құралдарына қатысты кедендік баждардың, салықтардың ставкалары мен оны төлеуді қамтамасыз ету мөлшері аумағында осындай автомобильдер шығару жүзеге асырылатын Тараптың заңнамасымен белгіленеді. Бұл ретте 1-баптың ережесі 2011 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылады.

Бұдан бөлек, егер мұндай тауарларға қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақылық және Кеден одағының шарттық-құқықтық базасында көзделген өзге де шаралар қолданылған болса, басқа тараптың аумағынан әкелінетін тауарлар бір тараптың аумағында кедендік декларациялауға жатады. Сонымен қатар, заң жобасы бойынша Қазақстан Кеден одағының Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленген ставкалардан өзгеше кедендік баж ставкаларын қолданатын тауарлар Беларусь және Ресей аумағына әкелінген кезде, олар кедендік декларациялауға және кедендік бақылауға жатады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.