Бүгін Астанада отандық және шетелдік іскер топ өкілдерінің дөңгелек үстелінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеден одағының құрылуының бизнес үшін, мәселен Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бизнес үшін нендей артықшылығы бар? Бұл сауалдың өз плюстері, өз минустары бар. Плюсі қайсы? Қазақстанға инвестиция салып, соның аумағында жұмыс істеуге шешім қабылдаған компания Ресей мен Беларустың аумағында өз өнімдерін сату үшін ешқандай да кедергіге тап болмайды», деді кездесуде К. Мәсімов.
Премьер-Министр инвестор үшін өте қолайлы әрі ыңғайлы салық режімін, инвестициялық ахуалды қалыптастыру Үкіметтің міндеті екенін атап көрсетті. «Біз инвестицияның елімізге келгенін, ал өнім Кеден одағының бүкіл аумағына тарағанын қалаймыз. Менің ойымша, Ресейдің де, Беларустың да үкіметтері дәл осылай ойлайды. Бұның кері жағы да бар: Ресейде және Беларуста жұмыс істеп, өнім өндіріп жатқан компаниялар да Қазақстан аумағында ешқандай проблеманы сезінбейтін болады», деді Үкімет басшысы. «Менің ойымша, Кеден одағының құрылуы рынокты кеңейтеді, кәсіпкерлер бәсекелі ортада жұмыс істейтін болады», деп толықтырды сөзін ол.
Үкмет басшысы Қазақстан, Ресей және Беларус ДСҰ-ға бірге не болмаса келісілген позиция бойынша мүше болатынын атап өтті. «Қазір осы жайында талқылаулар жүруде», деді ол.