Кеден одағы шекараларындағы қылмыстық қаражатты заңдастыруға қатысты құжат қабылданды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат «2011 жылғы 19 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша мен ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған Хаттамаға 2021 жылғы 20 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылған. Оны ратификациялау еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді.

«Хаттама арқылы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы 2011 жылғы 19 желтоқсандағы шартты Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы 2017 жылғы 11 сәуірдегі шартқа, сондай-ақ оларда қолданылатын терминология мен ұғымдық аппаратқа сәйкес келтіру бөлігінде өзгерістер енгізілді», - деді Қаржы министрі Сенаттың бүгінгі отырысында.

Сенат депутаты Бақтыбай Шелпековтың айтуынша, құжатта Кеден одағына мүше мемлекеттердің, кеден органдарының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылын, кедендік шекара арқылы ақша немесе ақша құралдарын өткізу кезіндегі қызметін халықаралық мәртебеге жеткізу көзделген.

Одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары бақылау жасау үшін, сол елдің заңнамасына сәйкес жолаушылардың кедендік декларациясында немесе тауарға арналған декларациясында көрсетілген мәліметтер арқылы ақша құралдарының өткізілуін бақылай алады.

«Әлемдік экономикалық процесстердің жаһандануы кезінде терроризм құбылысы жеке елдер ғана емес бүкіл әлем үшін өте қауіпті. Террористік актілердің кесірі экономика саласына да өз әсерін тигізуде. Сол себепті осындай қауіпті жағдайларда, терроризмге қарсы күрестің маңызды бағыттарының бірі, олардың қаржыландыру жолдарына тосқауыл жасап, алдын алу шаралары белгіленген құжат негізді және уақытылы дайындалған деуге болады. Жоба жұмыс тобының, комитеттің және комитеттің кеңейтілген отырыстарында қаралып, жан-жақты талқыланды. Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулері мен ұсыныстары түскен жоқ», - деді депутат Б. Шелпеков.