Кеден одағы сырттан инвестиция тартуда зор мүмкіндіктер береді - Нұрлан Бұршақбаев

АЛМАТЫ. 19 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазір Кеден одағы елдеріндегі ортақ мәселе логистика болып отыр. Бұл бүгін Алматыда 'Кеден одағының шекараны ашуының ықпалы: оң және теріс ықпалдастық' деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

"Кеден одағы қызметін дұрыс қолдансақ, экономикаға қаражат тартуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер өндірген өнімдерін өзге елдерге шығара алады. Енді оның теріс әсеріне келсек, Ресейдің экспансиясы күшейеді. Оған жергілікті өндірісшілер тек сапалы және арзан өнім өндіру арқылы ғана тосқауыл бола алады", - дейді "Қазақстан кеден декларанттары одағы" қауымдастығының президенті Нұрлан Бұршақбаев.

Оның айтуынша, тасымал бағасы мөлшерлемесінің жоғары болуы қазір кәсіпкерлердің қалтасына үлкен салмақ салуда. Кейде олардың өндірген өнімінің бағасынан тасымалдау шығындары 2 есеге дейін жоғары боп шығуда. Қажетті барлық инфрақұрылымдар жасалып, әділ бәсекелестік қалыптасқан кезде бұл тығырықтан да шығуға болады. Тек бұл үшін ықпалдастықты барлық салада да жан-жақты тереңдетіп, оның өркендеуіне барлық жағдайларды жасау керек.