Кеден одағына азық-түлік жеткізушілер тізімінен Германияның 133 кәсіпорны шығарылды

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Кеден одағына азық-түлік жеткізушілер тізімінен Германияның 133 кәсіпорны шығарылды,

деп хабарлайды БЕЛТА агенттігі Ресей ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау федералдық қызметіне сілтеме жасап.

«Зертханалық тексерістер кезінде Германиядан жеткізілетін өнімдерден табылған талапқа сай емес көптеген жағдайларды ескере отырып, Ресей бақылау органы аталмыш елдің ветеринарлық қызметіне қысқа мерзімде сапасыз өнім шығаратын кәсіпорындарды қадағалауға алып, олардың тауарларын сертификаттаудан бас тартуға кеңес берген болатын», - делінген ведомсво таратқан хабарламада.

Тексеріс нәтижесінде Германияның ветеринарлық қызметі 133 кәсіпорынның Кеден одағы қойған ветеринарлық-санитарлық талаптарды орындамайтынын анықтап, оларды Ресей мен басқа да Кеден одағы елдеріне тауар экспорттау құқығынан айырған. Бұлардың қатарында балық және теңіз өнімдерін өндіруші - 65, ет өнімдерін шығарушы - 16, құс етімен айналысатын - 9, сиыр етін өндіруші - 4, ішек-қарыннан тағам дайындаушы - 8 және сүт және сүт өнімдерін өндіруші 19 кәсіпорын бар.