Кеден одағының аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға жататын өнімнің айналымы туралы келісім мақұлданды - Мәжіліс

әуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Кеден одағының кедендік аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растауға) жататын өнімнің айналымы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келісім сәйкестікті міндетті бағалауға жататын, бірыңғай кедендік аумаққа әкелететін өнімге, сондай-ақ бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттің аумағына ауыстырылатын өнімге қатысты қолданылады. Сонымен бірге, осындай өнімге арналған ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенті күшіне енгенге дейін өнімге қатысты қолданылады.

Келісімді іске асыру мақсатында Кеден одағының сертификаттау жөніндегі органдары мен сынақ зертханаларының бірыңғай тізілімі қалыптастырылады. Бірыңғай тізілімді қалыптастыру мен жүргізу тәртібін Кеден одағының комиссиясы белгілейді. Бұдан бөлек, сәйкестік сертификаттары мен сәйкестік декларацияларының бірыңғай нысанын Кеден одағының комиссиясы анықтайтын болады.

Құжатқа 2009 жылдың желтоқсанында Санкт-Петербор қаласында қол қойылған.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.