«Кеден бекеттері алынған соң мұнай өнімдері бағасында күрт өсім болмайды деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен, мұнай өнімдерінің бағасына әлемдік нарық өз әсерін тигізуі мүмкін. Қазір Павлодар мұнай-химия зауыты бренд маркалы мұнайды Ресейден сатып алады. Егер бренд бұдан ары қарқынды түрде өсетін болса біз рентабельділікті сақтау үшін салықтық саясат тетіктерін жүргізуге мәжбүр боламыз», - дейді ҚР Мұнай және газ вице-министрі Әсет Мағауов.
Оның айтуынша, мұнай өңдеу зауытын отандық шикізатпен қамту үшін мұнай құбырларын тарту керек. Бұл жерде барлық мәселе құбырдың қуатына келіп тірелуде. Сондай-ақ Кеден одағына кіретін елдерде жанама салықтар бойынша салықтық конъюктура сақталып қалды. Сол себепті бағаның күрт өзгерісін болдырмас үшін Сібір мұнайын Павлодарға әкелу кезінде дәл сондай көлемдегі шикізатты Қазақстаннан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу жайы да назардан тыс қалмайды.